Солтүстікқазақстандықтардың еңбекақы қоры 1 жылда 18 пайызға артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандықтардың еңбекақы қоры 1 жылда 18 пайызға артты. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс экономикасы қиындықтарға қарамастан дамып келеді. Негізгі салалар бойынша өсім бар. Халықтың табысы өсіп келеді. Жалпы еңбекақы қоры ұлғаюда. Биыл 9 айда барлық солтүстікқазақстандықтардың еңбекақысы 178 млрд теңгеге жетті. Былтыр осы кезеңде 151 млрд теңге болған еді. Бір жылда еңбекақы қоры 18 пайызға көбейді. Облыста орташа еңбекақы 19 пайызға өсті. Тиісінше, зейнетақы қорына түскен қаржы көлемі 22 пайызға ұлғайды. Жыл басында 12 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті қойылды, жоспар орындалды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, өңірдегі экономиканың дамып жатқанының тағы бір белгісі – салық түсімдерінің өсуі. Былтыр облыс қазынасына 58 млрд теңге түссе, биыл 67 млрд теңгеге жетпек.

«Облыс бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда 323 млрд теңгеден 393 млрд теңгеге дейін, немесе 22 пайызға өсті. Соның арқасында әлеуметтік маңызы бар көптеген жобалар жүзеге асты. Әсіресе, ауылдардың инфрақұрылымын жаңартуға көп қаржы бөлінді. Биыл 132 ауылды жаңғыртуға 22 млрд теңге бағытталды. Бұл елді-мекендерде мектептер, емдеу мекемелері, ауыл жолдары және су желілері жөнделді», - деді Құмар Ақсақалов.