Трансшекаралық сулар бойынша Қазақстан барлық іргелес мемлекеттермен құқықтық база қалыптастырып, екіжақты комиссиялардың жұмысын жолға қойды. Өзбекстанмен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Сырдариядағы су қоймаларының келісілген жұмыс режимдері Солтүстік Арал теңізіне, тіпті су аз кезеңдерде де тұрақты ағын көлемін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Оның көлемі 2023 жылы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін өсті.
Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 текше шақырым су келіп түсті, соның нәтижесінде су айдынының деңгейін тұрақталды. Францияның даму агенттігінің қолдауымен экожүйені сақтаудың 2040 жылға дейінгі Мастер-жоспары дайындалып жатыр.
Қапшағай су қоймасы үшінші жыл қатарынан 100% толды. Бұқтырма су қоймасына 2024-2025 жылдары келген жалпы су ағыны 58,6 млрд текше метр болды, бұл оны қайтадан толтыруға және Ертіс өзенінің ағысын тұрақты түрде реттеп отыруға мүмкіндік берді.
Су үнемдеу мәдениеті білім беру үдерісі мен күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне біртіндеп айналып келеді. «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы аясында өткізілген ашық сабақтар мен экосағаттар еліміздегі 3,3 млн-нан астам мектеп оқушысын, яғни оқушылардың шамамен 80%-ын, сондай-ақ 35 мыңнан астам студентті қамтыды. Іс-шаралар 2,5 мыңнан астам мектепте, 100-ден астам колледжде және 19 университетте өтті.
«Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы аясында «Мөлдір бұлақ» акциясы жалғасуда. 2025–2026 жылдары ол еліміздің барлық өңірлерін қамтыды: 94 бұлақ пен 62 су объектісі абаттандырылды, 24 мыңнан астам адам қатысты, 300 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Акция аясында су саласындағы алғашқы «Болашақтың қайнары» волонтерлік қозғалысы да құрылды. Бастама Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттерінен бастау алып, бүгінде еліміздің басқа да өңірлерінде жүзеге асырылып жатыр.
2026 жылы су саласының өкілдері алғаш рет педагогтердің тамыз конференциясына қатысып, онда суды үнемдеу қағидаттарын білім беру және тәрбие процесіне енгізу тәсілдерін ұсынды. Мектептер үшін су үнемдеу тақырыбы бойынша оқу материалдарын қамтитын «Су сандығы» әдістемелік ресурсы әзірленді. Жинақты Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы Францияның даму агенттігімен, ЮНИСЕФ-пен және Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитетімен бірлесіп дайындады.
Айта кетейік, Қазақстанда 4,6 мың шақырым су каналы жаңартылады.