Жеңілдетілген несиелеу көлемі рекордтық 580 млрд теңгеге жетті – АШМ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Ағымдағы егін жинау науқанының нәтижелері талқыланып, келесі ауыл шаруашылығы жылына жоспарлар белгіленді. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: freepik

Кеңеске қатысушыларға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бойынша қабылданып жатқан және жоспарланып отырған шаралар, бидайды сатып алу бағасы, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын кредиттеу және саланы қолдаудың басқа да жаңа тәсілдері туралы ақпарат берілді.

Министр ағымдағы жылы жеңілдетілген несиелеу көлемі рекордтық 580 млрд теңгеге жеткенін, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 120 млрд теңге бөлінгенін еске салды. Келесі жылы осындай тетік қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруда қолданылады. 

Жалпы, Президент белгілеген міндеттерді іске асыру үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 900 млрд теңгеге, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасының лизингін 200 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ, СҚО тәжірибесі бойынша бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несиелеу көлемін және қаржыландырылатын бағыттар санын ұлғайту жоспарланған.

«Аграршылар мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдауға ие болғанын ескере отырып, біз күткен нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Қазір біздің алдымызда негізгі міндет тұр — егін жинау жұмыстарын аяқтау және егінді сақтау, әсіресе кешеуілдеп қалған өңірлерде. Барлық ресурстарды жұмылдыру қажет. Осы ауылшаруашылық маусымын сәтті аяқтап, келесі жылы қарқынымызды бәсеңдетпеуіміз керек», — деді А. Сапаров.

Солтүстік Қазақстан облысында егіс алқабы - 4,3 млн га, қазір 3 млн га (90,5%) жиналды, 17,8 ц/га өнімділікте 5,6 млн тонна бастырылды, 3 млн тоннаға жуық жем дайындалды. Сапар барысында министр «Бетеге-У» элеваторының жұмысымен танысты, бидай қабылдау үздіксіз жүргізіліп жатыр, кезек жоқ.

Айта кетсек, қазіргі уақытта дәнді дақылдардың 93,2%-ы немесе 15,5 млн гектардан өнім жинау аяқталған.