Солтүстік Қазақстан облысында 5,6 млн тонна астық бастырылды
АСТАНА. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы министрі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарының, мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының өкілдерінің қатысуымен ағымдағы егін жинау науқанының нәтижелері талқыланып, келесі ауыл шаруашылығы жылына арналған жоспарлар белгіленді.
Ауыл шаруашылығы министрі қазіргі уақытта дәнді дақылдардың 93,2% немесе 15,5 млн гектарды жинау аяқталғанын атап өтті. Орташа өнімділігі 15,2 ц/га болатын 23,5 млн тонна астық бастырылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда негізгі дәнді дақылдар бойынша 15 млн га астам дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Орташа өнімділігі 15 ц/га болғанда 22,7 млн тоннадан астам астық бастырылды.