Солтүстік Қазақстан облысында алдағы қыс біршама жылы болып, қалыпты өтпек

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалы қыстың үш айына ауа райы болжамын жасады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өңірдің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады. Алайда қыс болғаннан кейін, борансыз, көктайғақсыз өтпейді. Тұман түсіп, қатты жел тұрады.

Желтоқсан айы

Желтоқсанда орташа ауа температурасы –11…–13°C аралығында болмақ, бұл нормадан 1° жоғары (норма –12,3…–14,1°C).

Ай бойы жылы және суық ауа массалары жиі алмасады. Сынап бағанасы жоғарылаған уақытта қар жауып, боран соғып, кей күні қар жаңбырға ұласуы және көктайғақ түзілуі мүмкін. Бұл айда –30…–35°C дейінгі қатты аяздар да болады деген болжам бар. Жауын-шашын мөлшері 15–31 мм, бұл климаттық нормаға сай.

Қаңтар айы

Қаңтарда орташа температура –15…–17°C, яғни норма деңгейінде болады (норма –15,2…–17,3°C).

Ай бойы ауа температурасы жиі ауытқып, Атлантикадан келетін жылы әрі ылғалды циклондар қар, боран және екпіні 15–20 м/с дейін жететін жел алып келеді. Кейін антициклонның әсері күшейіп, жауын-шашынсыз, тынық күндер басым болады.

Солтүстік-батыс және Сібір антициклондарының әсерінен кей күні температура –30°C төмен түсуі мүмкін. Жауын-шашын мөлшері 12–25 мм норма шамасында болады.

Ақпан айы

Ақпанда орташа температура –12…–14°C, бұл нормаға қарағанда 1–2° жылы (норма –13,8…–15,7°C).

Ай басында Сібір антициклонының ықпалынан өңірде ашық әрі аязды күндер басым болады. Ал ай ортасынан бастап оңтүстіктен және солтүстік-батыстан келетін циклондар жиілеп, ауа райы құбылмалы — жауын-шашын (қар, жаңбыр), тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Жауын-шашын мөлшері нормадан — 11–21 мм аспайды.

Синоптиктер бұл маусымдық болжам кеңес сипатында жасалғанын және алда қысқа мерзімді — айлық, онкүндік, апталық және тәуліктік нақты болжамдармен толықтырылып отыратындығын айтады.

Сондай-ақ күн райы бұзылған жағдайда алдын ала ескерту беріледі. Мәселен былтыр қауіпті ауа райы құбылыстары туралы 111 рет, табиғи апатты гидрометеорологиялық құбылыстар бойынша 2 рет, ауа райының күрт өзгеруі туралы бір рет ескерту берілген.

Бұған дейін СҚО-да қараша айында ауа райы қандай болатындығын жазған едік.