Солтүстік Қазақстан облысында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды

Фото: Фото: ҚР ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысының Тепличное ауылында өңірдегі алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Пестрое көлінің жағасында орналасқан жаңа мамандандырылған нысан авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарының кең спектрін орындауға арналған. 

Фото: ҚР ТЖМ

Ашылу салтанатына Қазақстан Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен бөлімшенің жеке құрамы қатысты.

- Бұл заманауи кешенде қызметкерлерге биік жерлерде де, су астында да құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті жағдай жасалған. Солтүстік Қазақстан облысында әмбебап бөлімшенің ашылуы өңір тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады, өйткені қазір ТЖМ дәрігерлері де осы жерде қызмет атқарады, - деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.

Ауданы 900-ден астам шаршы метр модульдік типтегі екі қабатты ғимарат өңірдің климаттық жағдайын ескере отырып, жеке жоба бойынша салынған. Кешен құрамында әкімшілік кабинеттер, доңғалақты техника мен жүзу құралдарына арналған гараждар және бокстар, оқу сыныбы, «Batyr Team» ведомстволық клубының спорт залы, медициналық кабинет, психолог кабинеті, қойма үй-жайлары бар жөндеу блогы, сондай-ақ алты үйшік пен кинологтарға арналған бөлмесі бар кинологиялық орталық көзделген. 

Фото: ҚР ТЖМ

ТЖМ басшысы салтанатты түрде бөлімшенің кілтін оның қызметкерлеріне тапсырды, содан кейін олар ресми түрде жауынгерлік кезекшілікке кірісті. Сондай-ақ құтқарушылардың қарамағына КамАЗ маркалы жаңа вахталық автобус және қосымша арнайы техника берілді. 

Фото: ҚР ТЖМ

Қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, ТЖМ 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығы филиалының мамандары грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. 

Фото: ҚР ТЖМ

Іс-шара соңында Шыңғыс Әрінов дәстүрлі көгалдандыру акциясына қатысып, бөлімше аумағына қарағайдың жас көшеттерін отырғызды. 

Фото: ҚР ТЖМ

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қиын жағдайларда жұмыс істеуге үйренген: олар биік ғимараттарда, таулы жерлерде, су айдындарында авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары кезінде көмек көрсетеді, адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

Фото: ҚР ТЖМ

Өткен жылы департамент бөлімшелері төтенше жағдайларға 1950 рет шығып, 127 адамды құтқарып, 128 жергілікті тұрғынды эвакуациялады. 

Фото: ҚР ТЖМ

Жаңа әмбебап құтқару бөлімшесінің ашылуы ТЖ-ға одан да тиімді әрекет етуге және өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. 

Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ

Айта кетейік, Жамбыл облысы ТЖД-нің күштері су тасқынына қарсы іс-шараларын жүргізу мақсатында Ақмола облысына аттанды.