Солтүстік Корея бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Корея бейсенбі күні Жапон теңізіне қарай қысқа қашықтықтағы бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды, деп хабарлайды Yonhap.
Бұл Солтүстік Кореяның наурыз айынан бері баллистикалық зымыранды алғаш рет ұшыруы болды.
Штаб бастықтары біріккен комитетінің (JCS) мәлімдеуінше, Солтүстік Кореяның шығысындағы Вонсан қаласынан қысқа қашықтыққа ұшатын бірнеше баллистикалық зымыранның ұшырылғаны жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8:10 мен 9:20 аралығында тіркелген.
Комитет мәліметінше, зымырандардың бірі Жапон теңізіне құлағанға дейін 800 шақырымдай ұшып өткен. Қазіргі уақытта қосымша талдау жүргізіліп жатыр және тиісті ақпарат АҚШ пен Жапонияға жедел түрде жіберілді.
— Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен қорғаныс ұстанымы аясында біздің әскерилер Солтүстік Кореяның әртүрлі әрекеттерін мұқият қадағалап, Солтүстік Кореяның қате шешімдер қабылдауына жол бермеу үшін кез келген арандатушылыққа жауап беруге әзірлігі мен асқан қабілетін сақтап отыр, — делінген мәлімдемеде.
Еске сала кетсек, 10 наурызда Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлескен оқу-жаттығуларының басталуы аясында Солтүстік Корея Сары теңізге қарай баллистикалық зымыран ұшырды.