Солтүстік Корея мектептерінде орыс тілі міндетті пән ретінде енгізілді

Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM – КХДР мектептерінде орыс тілі 4-сыныптан бастап міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл туралы Ресейдің табиғи ресурстар министрі және РФ–КХДР сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Александр Козлов мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Ресейде корей тілін үш мыңнан астам оқушы оқиды. Олардың басым бөлігі корей тілін екінші немесе үшінші шет тілі ретінде таңдайды.

— КХДР-да орыс тілі 4-сыныптан бастап міндетті тіл ретінде енгізілгенін білеміз. Ресейде де корей тілін үйреніп жатқан оқушылар саны артып келеді, — деді Козлов комиссия отырысында.

Ол сондай-ақ 2026 жылы КХДР-да орыс тілінде білім беру орталығы ашылады деген үміт бар екенін атап өтті. Орталық Ким Чхоль Чжу атындағы педагогикалық университет базасында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта орталық орналасатын ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.

Еске салайық, шілде айының соңында Мәскеуден Пхеньянға алғашқы тікелей әуе рейсі қонған болатын.