Солтүстік Македония Президенті Қазақстан Президентінің БҰҰ жүйесіне қатысты ұсынысын қолдады

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қазақстан Президентінің БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауға қатысты айтқан пікірін қолдайтынын айтты. 

Оның пайымынша, БҰҰ құрамынан біраз елдің шығуы қаупі бар.

— Әлемдік қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, цифрлық трансформация, сондай-ақ теңсіздік жағдайымен күрес мәселелеріне ерекше мән беру керек. Жаһандық күш-жігерді жұмылдырудың орнына, біз кері қарай жылжып бара жатқан сияқтымыз, яғни ескі дүниежүзілік тәртіпке түсіп кететін сыңайлымыз. Қазір біз тәртіп пен ережелер үстем болған кезеңнен билік күші салтанат құрған деңгейге ауысып бара жатқанын байқап отырмыз, — деді Гордана Силяновска-Давкова Астана халықаралық форумында.

Осы орайда ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесіне қатысты пікірін қолдайтынын айтты.

— Еуропалық елдің президенті ретінде шағын мемлекеттер орта державалармен бірге БҰҰ-дағы тиімді мультилатерализмді қолдауы тиіс деп санаймын, яғни БҰҰ осы процестің орталығында болуы керек. Ол үшін елеулі реформа қажет. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы кеңейтіліп, осы реформалардан өтуі тиіс, — деді Солтүстік Македония Президенті.

Оның сөзіне қарағанда, БҰҰ-ның бас хатшысы лауазымына әйел адамды тағайындау уақыты жетті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдері БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауы қажет екенін атап өтті

Президенттің пайымынша, миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.

— Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың әдіс-тәсілдерге сүйену қажет. Соған сәйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.