Солтүстікте боран, оңтүстікте аяз: алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 4-6 қараша күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады. 

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері республика аумағы Атлант мұхитынан келетін циклонның ықпалында болады.

— Елдің басым бөлігінде жауын-шашын (негізінен қар) мен желдің күшеюін тудырады. Республика бойынша тұман, көктайғақ, ал солтүстік өңірлерде жаяу бұрқасын күтіледі, — делінген хабарламада.

Тек республиканың батыс аймағында ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

— Оңтүстік өңірлерде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты қатты жауын-шашын (жаңбырдың қарға ауысуы) күтіледі, ал республиканың солтүстік бөлігінде кей жерлерде күшті қар жауады, — деп жазды «Қазгидромет» РМҚ.

Ауа температурасының күндізгі уақытта күрт төмендеуі болжанады: солтүстік пен орталықта –2…–10°С, оңтүстік және оңтүстік-шығыста +2…+7°С шамасында болады.