Солярий адам өміріне қауіпті екен

АСТАНА.  Шілденің 30-ы.  ҚазАқпарат -  Жасанды  жолмен  күнге   қыздырыну      -  қатерлі ісік ауруының    пайда болуының  басты  себептерінің  бірі  екен.  Бұл туралы  британдық  «Гардиан»    газеті  Қатерлі ісік ауруын    зерттеу  жөніндегі  халықаралық агенттіктің  (IARC) зерттеулеріне сілтеме жасап хабарлайды.

«Көптеген   дамыған  елдерде   ультракүлгін сәуле   шашатын  аспаптарды  пайдалану,  яғни   жасанды жолмен қыздырыну тәжірибесі   кең   тараған.  Бұл   әсіресе   жас қыздардың  айналысатын  ісі.  Жүргізілген  салыстырмалы мета-анализ,  30 жасқа дейін    солярийді    пайдалану тәжірибесі    тері меланомасының    пайда  болу  тәуекелін  75 пайызға   арттыратынын  көрсетіп  отыр»,- деп  атап көрсетіледі    агенттіктің баяндамасында.   Осылайша,  солярий  - «адам  үшін қауіпті канцерогенді факторлардың» санатында   бірінші    қатарға  шығып, темекі  шегу,   асбест пен бензиннің    булары,   газ тәрізді химиялық зат -фармальдегид  және   Эпштейн-Барр вирусы сияқты факторларды  кейінге ысырып    отыр.

Зерттеу  мәліметтерімен  танысып шыққан  Ұлыбританияның  Денсаулық сақтау министрлігі     косметикалық мақсаттарда   солярийді       пайдалануға  қатысты  өз ұстанымын  қайта қарап шығу ниетін мәлім етті.