Сомали президенті БАӘ-ні елдің ішкі істеріне араласты деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Сомали президенті Хасан Шейх Махмуд Біріккен Араб Әмірліктерін (БАӘ) елдің ішкі істеріне өрескел араласты деп айыптап отыр, деп хабарлайды Анадолы.

Фото: Анадолы

Махмудтың айтуынша, Абу-Даби Африка мүйегінде орналасқан Сомалидің жекелеген аумақтарында әскери базалар құруға дейін барған.

Оның мәлімдеуінше, БАӘ Могадишоның ұлттық қауіпсіздік жүйесіне бағынбайтын қарулы бөлімшелер жасақтаған. Бұл үшін федералдық үкіметтің келісімі алынбаған.

— Мен сіздердің алдарыңызға қарапайым мәселелерді талқылау үшін шыққан жоқпын, — деді Махмуд халыққа телеарна арқылы жасаған үндеуінде.

Ол екі ел арасындағы тарихи байланыстарды еске сала отырып, Әмірліктердің әрекетін Сомалидің егемендігіне ашық қол сұғу деп бағалады.

Президент сондай-ақ БАӘ-ні федералдық үкіметтің өкілеттігін айналып өтіп, Бербера, Босасо және Кисмайо порттарында қызмет жүргізу туралы келісімдер жасасты, елдегі саяси алауыздықты қаржыландырды және Израильдің Сомалидің солтүстік аймақтарын мойындауына ықпал етті деп айыптады.

Бұдан бөлек, Махмудтың айтуынша, биыл қаңтарда БАӘ Сомали билігінің келісімінсіз Бербера портын Йеменнен қарулы топ жетекшісін алып шығу үшін пайдаланған. Ол іздеуде жүрген адам болған.

Бұған дейін биыл Могадишо БАӘ-мен жасалған барлық келісімнің күшін жойған еді. Сондай-ақ Сомали өз әуе кеңістігін Әмірліктердің әскери және жүк ұшақтарына жапты.

Сомали президенті үкіметінің Әмірліктермен тең құқық пен өзара құрмет негізінде қарым-қатынас орнатуға дайын екенін тағы да мәлімдеді.

Сомали мен БАӘ арасындағы байланыс бұған дейін де бірнеше рет шиеленісіп, кейін қайта жақсарған.

Қаңтар айынан бері Абу-Даби Сомалидің ішкі саясатына араласып жатыр деген айыптауларға байланысты екі елдің қарым-қатынасы салқындаған.

2018 жылы БАӘ Сомали билігінің Могадишо әуежайында Әмірліктердің ұшағынан 9,6 миллион доллар тәркілегенін айыптап, бұл әрекетті заңсыз деп атаған. Ол кезде Абу-Даби аталған қаражат Сомали армиясына қолдау көрсетуге және әскери қызметшілерді даярлауға арналғанын мәлімдеген.

Осы оқиғадан кейін БАӘ Сомалидегі әскери дайындық миссиясын тоқтатып, Могадишоның елдің ішкі істеріне араласу туралы айыптауларын жоққа шығарған.

Бұдан бұрын Сомалиде 6,5 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығына тап болғанын жазған едік.