«Сон ПАСКАЛЬ: «Қазақ тілін менен де нашар білетін адамдар бар» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан»
басылымы бүгінгі санында  Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы, техника ғылымдарының докторы Еділ Жаңбыршиннен алған сұхбатты «Су сұраған Маңғыстау» атты тақырыппен беріп отыр. Бұл өңірдегі ауыз су мәселесін қалай шешуге болады? Шегі көк аспанмен астасып, түбі тұңғиыққа тартатын телегей теңіз жағасындағы өңір суға мұқтаж. Әттең дейсің кейде, тұщы су көздері мол болғанда Маңғыстауда жасыл құрақ жайқала өсіп, әр үйдің ауласында тал-терек сыңсып, әркім өз бақшасынан бал татар еді-ау деп. Бірақ, бұл әдемі суреттің тек елес күйінде еске түсетін қиял екендігін мойындаған сәтте, табиғат-ананы бір қолымен беріп, екінші қолымен тарта ұстаған есепті жандай сезінетінің де бар. Өйткені, жерінің асты жабулы сандықтай қазынаға толы Маңғыстауда тұщы суға, әсіресе ауыз суға зәрулік күн өткен сайын арта түсуде. Осы сұхбатта тығырықтан шығу жолдары бар ма, ол бағытта қандай жұмыстар атқарылуда және дәл қазіргі таңда өңірді сумен қамту мәселесі қалай жолға қойылғандығы жайында баяндалады.

«Түп тегі британдық болып табылатын Италия әншісі, сазгер әрі саяхатшы Сон Паскальдың Қазақстанда жүргеніне жарты жыл болды. Қазір елімізде бұл жігітті білмейтін жастар аз. Ол өзіміздің танымал актерлардың бірі Әнуар Нұрпейісовпен бірігіп түсірген «Englishman in Shimkent», «Чайка Айгуль» юморлық клиптері арқылы танымал болып шыға келді. Бастапқыдағы әлемдік чарттарда бұл клиптер ең көп қаралған әндердің қатарында болған. Сонның «Абайдың «Көзімнің қарасын» да аздап өз мақамына салып шырқаған романтикалық клипі де көңілден шықты. Қысқасы, ғаламтор арқылы музыка тыңдағанды жақсы көретін жастар арасында бұл әндер әлі де рейтингін жоғалтқан жоқ»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында. Осы әнші жайында толық білгіңіз келсе келсе, «Сон ПАСКАЛЬ: «Қазақ тілін менен де нашар білетін адамдар бар» атты мақаланы оқығаныңыз жөн.

***

 

«Айқын» басылымының жазуынша, Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі тағы да көтеріле бастады. Рас, тәуелсіздікке қол жеткізілгелі бері теңіз бойында жатқан бес мемлекет әлі күнге Каспий жөнінде бір мәмілеге келе алған жоқ. Талай рет ресми кездесу болды, бірақ түрлі себептермен теңіз мәртебесін шешу кейінге сырғи берді. Себебі, әлемде өте ірі мұнай мен газ қоры бар (Солтүстік теңіз бен Рапсы Шығанағынан кейінгі) бұл аймақтың байлығын жағалауда жатқан бес елге тепе-тең етіп бөлу - оңай шаруа емес. Осы өзекті мәселе жайында жазылған мақала «Каспийге көз тіккендер көп»   атты тақырыппен жарияланды.

 

***

«Еуропалық одақтың дағдарысы ушығып жатқан кезде әлемнің маңызды  орталықтары Азияға ауысуы мүмкін деген төрт-бес жыл бұрынғы батыл болжамдар расқа айнала бастағандай. Себебі сарапшылар алғашқы жаһандық дағдарыстың ошағы АҚШ болса, екінші толқынның бастауы Еуроодақ тығырығы мен еуро дағдарысы болғалы отыр»,-деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында. Дағдарыстың түпкі себебін бір полюсті әлемнің кесірінен деп білетін Еуропарламенттің бұрынғы депутаты Джульетто Кьезаның пікірінше, әлемдегі маңызды қаржылық орталықтар Азия құрлығына қарай ойыса бастаған. Экономикалық дағдарыс мәселесі тұрғысындағы бұл мақала «Әлем кіндігі Азияға ауыса ма?» деген тақырыппен басылды.

 ***

 Шетелдік курорттар бүгінде қазақстандық туристерді көптеп қабылдап жатыр. Статистикаға мәліметтеріне қарағанда, ел азаматтарының саяхат жасауға деген құштарлығының артқаны байқалуда, деп жазады «Экспресс-К» басылымы «Арал не предлагать» атты материалында. Республиканың 134 889 тұрғыны өзге мемлекеттерді аралаған көрінеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 128 335 болса, ал 2010 жылы 113 945 қазақстандық әлем елдерінде болып қайтқан.