Сон Паскаль ZHOL әніне бейнебаян түсірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Итальяндық әнші Сон Паскаль ZHOL әніне бейнебаян түсірді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне PR-маман Жанна Прашкевич айтты.

Музыка итальяндық диджей Jurij-бен бірігіп жазылған.

Бейнебаян Ланзарот (Канар аралдары, Испания) аралында түсірілген. Арал вулкандардың атылуынан қалыптасқан. Жаңа туынды әншінің өз еліне, туған жеріне деген сағынышын көрсетеді. Алайда, әншіге жолын жалғастыруға тура келеді. Негізгі әнді жас композитор, әнші мультиинструменталист Әсия Оспанова мен Сон Паскаль орындайды. Ол қазір Қазақ ұлттық өнер академиясында фортепиано класында оқып жатыр. Қобыздың партиясын осы академияның студенті Ілияс Шармолданов орындайды. «Осы аралда жер ғаламшарына тән емес керемет ландшафтарды көрдік. Өзге планетада жүргендей күй кештік. Бейнежұмыста біз кометалардың шабуылын көрсеттік. Негізгі идея қоршаған ортаға ұқыппен қарап, өз жолыңды адаспай табуды көрсетеді», - деді әнші Сон Паскаль. Жаңа бейнебаянның тұсауы Гакку-ТВ арнасында кесілді.

«Сапалы, отандық музыкалық өнімдер біздің арнада үлкен қолдауға ие болады. Олар жиі ротацияланады. Жақсы жұмыстар рейтинг көтеретіні белгілі. Ол сандардан-ақ байқалады», - деді GAKKU арнасының бас продюсері Тимур Балымбетов.