«Билли айқасқа бұрынғыдай дайын, барлық құжаттар үстел үстінде жатыр, біз олардың қол қоюын күтіп жүрміз. Бірақ бізге Головкиннің жарақаттанып қалғаны айтылды. Бізге енді күтуге тура келеді. Билли бұл жекпе-жектің болғанын қалайды, біз қолдан келгеннің барлығын жасадық», - деді Уоррен.
Айта кетейік, Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев бұл жекпе-жек 17 шілде күні өтетінін мәлім еткен болатын. Оның 30 мың орындық «Астана-Арена» стадионында өтетінін және билеттер құны шамамен 10-15 мың теңге болатынын айтқан еді.
Алайда GGG-дің менеджері Олег Герман аталған ақпаратты жоққа шығарды . «Дәл қазір Головкиннің Қазақстандағы жекпе-жегіне қатысты ешқандай ресми ақпарат жоқ. Сол себепті нақты, тіпті алдын ала даталар туралы айтуға болмайды. Билет бағасы туралы да сөз қозғауға ерте. Ал шілденің 17-сі күнгі датаға келер болсақ, Геннадий қатысатын бокс кешінің сенбі күні өтетіні белгілі. Ал шілденің 17-сі дүйсенбіге келіп тұр. Қазір нақты ақпарат жоқ. Алдағы уақытта қандай да бір мәлімет болса, оны GGG командасының өкілдері жариялайтын болады», - деді Герман.
Сәл кейін елорда әкімдігі Геннадий Головкиннің жекпе-жегін өткізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Ал журналистерге бұрыс ақпарат берген Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаевқаескерту жасалды .