Сондерстің промоутері Головкиннің арманын жүзеге асыруға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Британдық боксшы Билли Джо Сондерстің (24-0, 12 КО) промоутері Фрэнк Уоррен қазақстандық Геннадий Головкинмен (37-0, 33 КО) өтетін ықтимал айқас туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz The Sun-ға сілтеме жасап.

«Осы аптада Биллиге жақсы жаңалықтар болады деп үміттенеміз. Головкиннің айтуынша, оның арманы - бес белбеуді иемдену. Оның арманын жүзеге асыра аламыз - бұл арман емес, шындық. Ол бұл туралы  өз менеджері мен промоутеріне айтып, келісімге қол қойса болғаны!», - деді Уоррен.

Бұрын Уоррен мен Сондерс Головкиннің командасына шарт қойған еді. Алғашында, боксшы жұма күнге дейін GGG-дің келісімге қол қойғанын сұраған, кейін оның промоутері аптаның соңына дейін бұл мәселе шешілмесе, жекпе-жектің болмайтынын мәлімдеген.

Еске сала кетейік, Головкинге орта салмақтағы титулдарды біріктіру үшін  Сондерстегі WBO белбеуі ғана жетіспей тұр.