Соңғы 10 жылда 2 ғана отандық препарат тіркелген – Әлихан Смайылов

Фото: primeminister.kz/

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында фармацевтика саласында ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі төмен екенін айтты.

- Биомедициналық және клиникалық зерттеулердің реттеушілік базасында да кемшіліктер бар. Бірнеше жыл өтсе де биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі жасалмаған. Осының салдарынан ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен. Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. Олардың біреуін әзірлеуге 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген, - деді Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы.

Сондай-ақ ол бұл салаға мемлекеттік қолдау соңғы жылдары айтарлықтай өскенін атап өтті.

- Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін ауқымды көлемде жеңілдіктер мен преференциялар беруде. 2022-2024 жылдары осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы бес жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өсті, - деді Әлихан Смайылов.

Одан бөлек, спикер елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны екі есе азайып кеткенін айтты.

«Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқаруда», – деді ол.

Осыған дейін Қазақстандағы фармнарықтың 84 пайызы шетелдік өнім екені туралы жаздық.