Орталықтың дерегіне сәйкес, соңғы он жылда қан тапсыруға қатысқан азаматтардың арасында ер адамдардың үлесі басым болған.
— 2016–2026 жылдар аралығында Қазақстанда 1,6 млн-нан астам адам қан тапсырды. Осы кезеңде донорлардың 72%-ы — ер адамдарды, 28%-ы — әйел адамдарды құрады. Жас ерекшелігі бойынша донорлардың ең үлкен бөлігін 31–50 жас аралығындағы азаматтар құрайды (48%). Бұл санаттағы адамдар қан тапсыруға қойылатын талаптарға жиі сәйкес келеді, — деді орталықтың Қоғаммен байланыс және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Алма Демеуова.
Ал 18–30 жас аралығындағы азаматтардың үлесі — 38%. Маманның айтуынша, бұл көрсеткіш жастардың ерікті донорлыққа қызығушылығы бар екенін көрсетіп отыр.
— 51 жастан асқан азаматтардың үлесі 14%-ды құрайды. Бұл жаста қан тапсыру мүмкіндігі адамның жалпы денсаулық жағдайына қарай жеке бағаланады, — деді бөлім басшысы.
Маманның сөзінше, донорлыққа қатысу кезінде азаматтың қауіпсіздігімен қатар, қан құйылатын науқастың денсаулығын қорғау да басты назарда болады.
Айта кетейік, Қазақстанда 140 мыңнан астам тұрақты қан доноры тіркелген.