Соңғы 30 жылда табиғи апаттан ең қатты зардап шеккен аймақ — Азия
БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының жаңа есебіне сәйкес, соңғы 30 жылда табиғи апат салдарынан жоғалған өсімдік пен мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,6 трлн еуроға бағаланған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Еuronews сайтына сілтеме жасап.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) жаңа есебінде табиғи апаттар соңғы 30 жылда ауыл шаруашылығы саласына төрт трлн АҚШ доллары (шамамен 3,6 триллион еуро) көлемінде зардап әкелгені айтылған.
Ұйым сарапшылары апат саны өткен ғасырдың 70-жылдарымен салыстырғанда бірнеше есе артқанын және әлі де өсіп келе жатқанын ескертті.
— Апаттар бүкіл әлем бойынша ауыл шаруашылығы саласына бұрын-соңды болмаған зиян келтіріп, шығынға ұшыратты. Олардың ұлғаю қарқыны мен жиілігі — 1970 жылдардағы жылына 100-ден соңғы 20 жылда шамамен 400-ге дейін өсті. Сөйтіп ауыл шаруашылығы азық-түлік жүйесіне түрлі жолмен әсер етіп отыр. Бұл — азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және ауылшаруашылық секторының тұрақтылығына нұқсан келтіреді, - дейді ФАО бас экономисі Максимо Тореро.
Апаттардан ең көп зардап шеккен аймақ — Азия. Одан кейін Америка мен Еуропа.
Пайыздық мәндегі ең үлкен шығынды табысы төмен елдер тартқан.
Ауыл шаруашылығындағы қатерді азайту үшін уақтылы алдын алу шаралары қажет, дейді сарапшылар.
Мысал ретінде Африкадағы шөл шегірткесінің шабуылына қарсы қолданылатын ерте ескерту жүйесі келтірілген.