Соңғы аялдама: Жастар театрының кезекті премьерасы қалай өтті

Фото: Фото: Жайна Тұрарбек

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы әкімдігінің Жастар театрында «Соңғы аялдама» қойылымы сахналанды. 

Онда жастардың есірткіге әуестігі бір отбасындағы трагедиялық оқиға арқылы баяндалады. Спектакль Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» пьесасының желісі бойынша дайындалған. Режиссеры – Нұрфат Вахитов. 

Фото: Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры

Қойылымдағы басты кейіпкер Жақсылық – спортқа жаны құмар студент. Ата-анасы оны кішкентайынан мейірімге бөлеп өсірген. Сүйген жанын кезіктіріп, бақытқа бөленіп, жарқын болашаққа ұмтылған жігіттің өмірі есірткімен бетпе-бет келген тұста әп-сәтте өзгеріп сала береді. Қойылым отбасындағы қарым қатынастың рөлін, қоршаған жандардың адам өміріне қалай әсер ететінін, сатқындық пен махабаттың ара-жігін ашып суреттейді.

Басты кейіпкер Жақсылықты ойнаған Әлихан Жасанұлы нашақордың рөлін алып шығу қиынға түскенін әрі бұл басты рөлді алғаш сомдауы екенін айтты. Ол осы кейіпкерін толық тану үшін есірткіге тәуелді адамдардың жүріс-тұрысын, өздерін қалай ұстайтынын интернет арқылы біраз уақыт бойы зерттеген. 

Фото: Жайна Тұрарбек

Ал режиссер Нұрфат Вахитов спектакльді дайындауға екі ай уақыт кеткенін атап өтті. Бірінші айды қойылымның сахналық формасын жасауға, жоспарлауға арнаса, екінші айды актерлерді дайындауға, спектакльдің ішкі мазмұнын жасауға жұмсаған екен. 

– Басында спектакльдің атауын қоюда бізде бірнеше нұсқа болды. «Соңғы доза», «Ломка», «Sos» деген аттар ұсынылды. Бір күні мен 15 жастағы қызымнан қазіргі оқушылардың нашақорлық туралы ойларын сұрадым. Содан ол «Нашақор туралы новелланы» оқып болған соң көңілі босап, қойылымның атын «Соңғы аялдама» деп қоюды ұсынды. Өзім де әдеби тұрғыдан осы атты қалдырғанды жөн көрдім, - дейді қойылым режжисері.

Фото: Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры
Фото: Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры

Нұрфат бұл спектакльге түпнұсқа шығармадағы сөз қолданыстарынан бөлек заманға сай етіп түзетулер, термин сөздер енгізілгенін тілге тиек етті. Пьеса желісінде бір үйдің жалғыз баласының аты Жалқытай болса, ал сахнадағы кейіпкер Жақсылық есімімен басты рөлін сомдап шығады. 

Фото: Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры
Фото: Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры
Фото: Жайна Тұрарбек

Қойылым аяқталып, көрермен тік тұрып қол соққаннан кейін Жастар театрының 2017 жылдан бергі тұрақты көрермені Мерей Серікқызы премьера туралы пікірін білдірді. Оның сөзінше, қойылым қоғамдағы өзекті тақырыпты жоғары деңгейде жеткізе алған. 

– Маған оқиғаның соңы қатты ұнады. Кинолардағыдай соңы бақытты нотада аяқталмай, өмірдің ащы болса да шындығы анық көрсетілген. Меніңше, қойылымның бұлай аяқталуы көрерменге терең ой салды. Сонымен қатар актерлердің ойнау шеберлігі, би билеуі өте жоғары деңгейде болды, көрерменді сендіре білді деп ойлаймын, - дейді театрдың тұрақты көрермені. 

Фото: Жайна Тұрарбек
Фото: Жайна Тұрарбек
Фото: Жайна Тұрарбек

Айта кету керек, Рахымжан Отарбаевтың бұл шығармасы алғаш рет сахналанған жоқ. Жастар театрынан бөлек, осыған дейін осы сарындас қойылымды Тараз қаласында Жамбыл қазақ драма театры, Қызылорда музыкалық драма театры, Түркістан қаласының сазды-драма театры және өзге де театрлар көпшілікке ұсынған.

Сондай-ақ бұл жолғы Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры аталған қойылымды Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының тапсырысымен дайындады. 

Еске сала кетейік, лондондық режиссер Павлодар театрында Брехтің «Пері қатын» драмасын сахналағанын жазған едік. 

Жайна ТҰРАРБЕК