Соңғы бес жылда отандық геологияға 1 млрд доллар инвестиция тартылды

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір ел аумағында 12 учаскеде геологиялық барлау жұмысы жүріп жатыр.

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Байбатыров мәлім етті.

— Ірі халықаралық компаниялар геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 41 млрд теңге инвестиция салды. Жалпы соңғы 5 жылда геология саласына шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тартылды. Мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 учаскеде сирек металдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Марғұлан Байбатыров елордада өтіп жатқан ІІІ халықаралық «Қазақстанның тау-кен» конгресінде.

Маманның мәлімдеуінше, кен орындарын барлау, зерделеу жұмыстары ұзақ уақыт алады және ауқымды қаржыны талап етеді. 

— Біз шамамен 800 мың тонна сирек жер металдарының қорына ие кен орнын таптық. Сонымен қатар, салада белгілі мәселелер де бар. Соның бірі ғылыми қызметкерлер тапшылығы, табиғи қордың орнын толтыру деңгейінің төмендігі және геологиялық барлау жұмысы жеткіліксіз қаржыландыру сияқты проблемамен бетпе-бет келіп отыр, — дейді ол.

Бұған дейін Марғұлан Байбазаров Қазақстан сирек жер элементтері бойынша әлемдік ондыққа кіруі мүмкіндігі туралы айтып, салада атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталды. 

Айта кетейік, бүгін Астанада ІІІ халықаралық «Қазақстанның тау-кен» конгресі өтіп жатыр. Іс-шараға отандық мамандардан бөлек, Орталық Азия елдерінен келген геологтар, сарапшылар мен компания басшылары мен өкілдері қатысып жатыр. Сондай-ақ тау-кен өндірісі мен технологиясына арналған көрме ұйымдастырылған.