Соңғы қоңырау мен мектеп бітіру іс-шаралары: қандай шектеулер қарастырылған
АСТАНА. KAZINFORM - Оқу-ағарту министрлігі биылғы соңғы қоңырау мен мектеп біртіру кештерін өткізу тәртібіне қатысты түсінік берді.
- Республика мектептерінде оқу жылы 2025 жылғы 23 мамырда аяқталады. Оқу жылын жалпы білім беретін мектептер «Білімім – Отаныма!» атты республикалық бірыңғай сынып сағатымен аяқтайды. Сынып сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық беру ұсынылды. Сынып сағатында демалыста оқуға ұсынылатын кітаптар тізімін, сондай-ақ қарауға болатын фильмдер тізімін ұсынып, қауіпсіздік іс-шаралары, алдын ала жоспарланып ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтары, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың тиімділігі, сондай-ақ еңбек етудің пайдасы, ата-анаға, ата-әжелеріне көмектесудің қажеттілігі айтылады, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, жоғарыда айтылғанды ескере отырып, оқу жылының аяқталуы бойынша 11-сынып түлектері үшін салтанатты іс-шараны педагогикалық кеңестің ұсынысы негізінде 23-і немесе 24 мамырда өткізуді қарастырады (23-інен ерте емес).
- Педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзуды алдын алу мақсатында ата-аналардан қаражат жинауға, аниматорлар, агенттіктер мен жеке студияларды тартуға, көлік жалдап шерулер ұйымдастыруға, мектепке дейін білім беру ұйымдарының түлектері үшін салтанатты іс-шаралар өткізуге жол берілмейтіні, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін қаражат жинауға қатаң тыйым салынатыны ескертілді, - деп аталып өткен Оқу-ағарту министрлігі хабарламасында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елімізде соңғы қоңырауды өткізу күні өзгерді.