ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында бірқатар өзенде су деңгейі көтерілсе, кейбіреуінде төмендеді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, 29 наурыз күнгі таңғы сағат 08.00-дегі мәлімет бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласындағы гидробекетте соңғы тәулікте 95 сантиметрге көтеріліп, 229 сантиметрге (қауіпті шегі — 850 см) жетті.
Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы тұсында 343 (+35, қауіпті шегі — 1 мың см), Ақжайық ауданы Мергенде 350 (+29, 850 см) сантиметр болса, есесіне Бәйтерек ауданы Январцев елді мекенінде Жайықтың қарқыны бәсеңдеген (-65, 215 см).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейі көтеріліп жатқанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да Быковка өзеніндегі су деңгейі бір тәулікте 110 сантиметрге көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).