Соңғы үш жылда 14 сәби пойызда дүниеге келген

АСТАНА. KAZINFORM – Пойыз жолсеріктері жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетумен қатар қажет болғанда жүкті әйелдерді босандырып алады. 

Фото: Pixabay

«Жолсеріктердің біліктілігін арттыруға ерекше мән береміз. Бұл бағытта жолсеріктерге арналған трениг, семинарлар ұйымдастырылады, оның ішінде әдеп этикасы, стандартты қызмет көрсету, эмоцияны басқара білу, күйзеліске төтеп беру тағы сол сияқты. Қызметкерлерді бұл қасиеттерді жұмыс барысында қолдану үшін үйретеміз, себебі жолсеріктер пойызда түрлі жайттарға тап болып жатады», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов аталған ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Өткен жылы 3 мыңнан астам жолсерік біліктілігін жетілдірген.

«Сонымен қатар біздің қызметкерлер қажет жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Соңғы үш жылдың ішінде пойыздарда 14 нәресте дүниеге келді, оларды біздің жолсеріктер босандырып алды», - дейді басқарма басшысы.