Соңғы үш жылда білім беру ұйымдарында инфекциялық қауіп артып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы үш жылда Қазақстандағы білім беру ұйымдарында топтық инфекциялық аурулар саны екі есеге өскен. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі — білім беру және жазғы демалыс ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз ету екенін алға тартты. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін сақтауға және инфекциялық аурулардың алдын алуды көздейді.

Министрдің дерегінше, оқу жылы басталғалы бері мектептерде 347 тексеру жүргізілген (150 жоспарлы, 197 жоспардан тыс), оның ішінде 49 ас блогы қамтылған. Нәтижесінде бірқатар жүйелі бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, санитариялық-техникалық жағдайдың талапқа сай болмауы және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың жоқтығы жиі кездеседі.

— Соңғы үш жылда білім беру ұйымдарында топтық инфекциялық аурулар саны екі есеге өскені байқалады. 2023 жылы — 4 жағдай тіркелсе, 2024 жылы — 5, ал 2025 жылы — 8 жағдай анықталған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін енгізу туралы заңға қол қойған. Жаңа талаптарға сәйкес, 1 маусымнан бастап мониторинг жүргізіліп, 1 шілдеден бастап жоспарлы тексерулер басталады, — деді спикер.

Сонымен қатар министр өз сөзінде 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектеп мәзірі жаңартылып, жаңа тамақтану стандарты енгізілетінін айтты. Бұл стандарт тағам сапасын жақсартуға және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, биыл 187 жазғы сауықтыру ұйымын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың 53%-ы ғана өтініш берген, ал 33%-ы балаларды қабылдауға дайын. Кейбір өңірлерде дайындық деңгейі төмен.

Айта кетейік, қыста балалар арасында қандай аурулар тарайды, олардан қалай сақтану керек екенін жазғанбыз.