«Соңғы жағалау»: төрт қалада Каспий көрмесі ашылды

Фото: instagram.com/livingasia.online

АСТАНА. KAZINFORM — Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында бір мезетте «Соңғы жағалау» атты фотокөрме ашылды. Каспий теңізі тақырыбына арналған көрмені фотосуретші Оспан Әли ұсынды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

Шара High Caspian Week аясында халықаралық экологиялық, мәдени және медиа іс-шаралар апталығының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды.

Фотографтың айтуынша, Каспийдің бүгінгі жағдайын бейнелейтін көрменің негізгі мақсаты — көрермен жүрегіндегі эмоцияны ояту.

— Биыл 12 тамыз — Халықаралық Каспий күніне орай төрт қалада бір мезетте көрме ашу жоспарланды. Save the Caspian Sea жаһандық қозғалысы мені елші ретінде шақырған кезде қуанышпен қатар үлкен жауапкершілік те сезіндім. Себебі төрт жыл бұрын Каспий жағалауын түсіруді бастаған болатынмын, — деді Оспан Әли.

Фотограф түсірілім кезінде тұрғылықты тұрғындардың күнделікті өмірін көрсетуге, кейіпкерлерді табуға баса мән бергенін атап өтті.

— Көрмеге дайындық барысында Каспий жағалауына жиі бардым. Кейде ауа райының қолайсыздығы жақсы кадр жасауға қиындық туғызады. Бір сапарымда шекарашылардың көмегімен Құлалы аралына бардым. Сол жерде 31 жыл өмір сүрген Петр есімді кейіпкермен таныстық. Бұл аралды бұрын итбалықтар аралы деп атайтын, ал қазір итбалықтар моласы десек артық емес. Өз көзіммен 100-ден астам өлексені көрдім. Кейіпкерім де бұрын жағалау үйінің қасында болса, бүгінде теңіз алыстап кеткенін айтты, — дейді ол.

Фотосуретші жұмыстары арқылы ешқандай боямасыз жергілікті шындықты жеткізуді мақсат еткен. «Соңғы жағалау» фотокөрмесі аталған төрт қалада екі апта бойы көпшілікке ашық болады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу мәселелерін айтқан болатын.