Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының салдарынан 30 мыңнан астам адам мерт болған

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Соңғы 10 жылда Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының салдарынан 30 мыңнан астам адам мерт болған.

Ал 165 мың адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Бұл мәліметтерді бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Ішкі істер вице-министрі Аманжол Күреңбеков келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Байыптап қарасақ, Қазақстан осы жылдар ішінде республиканың Амола облысындағы Атбасар сияқты шағын қаласының тұрғындарыннан түгелдей айырылып отыр. Аталмыш жағдай жолда жүру тәртібіне қатысты мәселені Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде қарауға мәжбүр етті. Аталмыш кеңестің отырысында айтылған мәселелер негізінде жол полициясы қызметі жол қауіпсіздігін сақтау шараларын қадағалауды қатаңдатты және олардың барлығы қазір өзінің жемісін беріп отыр», деді вице-министр.

Оның мәліметтеріне қарағанда, жолда қатаң тәртіп орнатылғалы тәртіп сақшылары 2 миллионнан астам ереже бұзу әрекеттерін анықтап, 4 мыңнан астам мас жүргізушілерді ұстаған. Сот шешімімен 70 мыңнан астам адам көлік жүргізу құқынан айырылып, 11 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынған. «Бұл ретте әкімшілік жауапкершілік тек жүргізушілерге ғана емес жолаушыларға да қолданылып отыр. Жол қауіпсіздігін бұзғаны үшін 47 мыңнан астам азаматқа айып салынды», деді А.Күреңбеков.