Соңғы 10 жылда әлеуметтік жағынан аз қамтылған қазақстандықтар саны 8 есеге азайды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда, яғни Мемлекеттік атаулы көмек туралы Заңы қабылданғаннан бері әлеуметтік жағынан аз қамтылған қазақстандықтар саны 8 есеге азайды. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның әлеуметтік аз қамтылған халықтың бөлігін қолдау бойынша тұғырнамасының бағыты тұрғысындағы сарапшылық топтың отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Шолпан Жақытова айтты.

«8 еседен астам көрсеткішке аз қамтылған азаматтар саны төмендеді. Егер де 2002 жылы олардың саны 1,1 млн. адам болса, қазіргі кезде 139 мыңға дейін азайды»,-деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, осының есебінен атаулы көмекке бағытталатын шығыстар 3,6 есеге төмендеді. Мәселен, 2002 жылы бұл мақсаттарға 9 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалған болса, ал 2012 жылы бұл сома 2,5 млрд. теңгеге дейін азайды.