Еуразия ұлттық университетінде өткен «Конституция - қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік жаңғыруының негізі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов осылай мәлім етті.
«Елімізді әлеуметтік мемлекет ретінде жариялаған Қазақстанның Конституциясы әлеуметтік-экономикалық даму жүйесін қамтитын негізгі құқықтық база. Мұнда қамтылған еңбек ету, денсаулық сақтау және лайықты білім алу құқығы барлық Қазақстан қоғамының, жалпыадамзаттық құндылықтардың құрамдас бөлігі болып табылады», - деді А. Бижанов.
Оның айтуынша, Ата заң нормалары негізінде қолға алынған мемлекеттің кешенді шаралары арқасында ел азаматтарының әлеуметтік қорғалуы жан-жақты қамтылып келеді. «Жалпы жүзеге асқан шаралар арқасында ағымдағы жылғы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыздан аспады. Жұмыспен қамтылғандар саны 8,4 млн. адамды құрады. Ал халықтың нақты табысы 12 пайыздан аса өсті», - деді сенатор. Сонымен қатар, депутат әрбір адам үшін ең жоғарғы құндылық оның денсаулығы екендігіне тоқталып, азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі Ата заңда мемлекеттің басты міндеті ретінде белгіленгенін айтты. Аса маңызды осы бағытта тәуелсіздік жылдары нақты іс-қимыл шаралары қамтылған.
«Мәселен, соңғы 10 жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 10 есеге артып, бүгінгі күні жалпы ішкі өнімнің 3 пайыздан астамын құрап отыр. Республикада денсаулық сақтаудың 700-ден астам жаңа ғимараттары салынып, медициналық қондырғылар үздіксіз жаңартылып келеді. Ұлттық медициналық холдингі құрылып, посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексі қабылданды», - деді Ақан Бижанов.