Соңғы 10 жылда елімізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 41 пайызға ұлғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда елімізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 41 пайызға ұлғайды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру заңнамалық реттеу және іс жүзіне асыру» атты парламенттік тыңдау барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, қазіргі агроөнеркәсіптік кешен экономиканың тұрақты дамып келе жатқан саласы ғана емес, экономикалық тартымды сала болып табылады.

«Бұл ретте, осынау отандық агросектордың қалыптасуы кезеңінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері сенімді серіктес бола білді. Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 41 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 59 пайызға ұлғайып, 2 млрд. долларынан асты. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорт көлемі 379 млн. АҚШ долларын құрады», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 2015 жылы 167,0 млрд. теңгені құрап, бұл шамамен 3,4 есеге ұлғайды.

«Алайда, отандық агроөнеркәсіптік кешен әлеуеті анағұрлым жоғары. Бұған қоса, өніміміз көпшілік жағдайда еуразиялық нарықта тең дәрежеде бәсекелеседі. Бұл жақсы, алайда, мұнда осы бәсекелесетін өнім өндірісін көбіне Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкіметтері субсидиялайтынын атап кеткен жөн. Яғни, шын мәнінде, мемлекеттік қолдаудың бір-бірімізге тигізер тиімділігін төмендетудеміз немесе басқаша айтқанда, саудалық текетірестерді қаржыландырудамыз», - деді ведомство басшысы.