Соңғы 10 жылда еліміздегі көлік саны екі есе өсіп, 3 млн. 3 мыңға жетті - Көлік министрі

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы 10 жылда еліміздегі көлік саны екі еседен астам өсіп, 3 млн. 3 мыңға жетті.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, еліміздегі көлік құралдарының саны осыдан 10 жыл бұрын 1 млн. 500 мың болса, қазір олардың саны 3 млн. 3 мыңға дейін өскен. «Бұдан бөлек көліктің түрлерімен қатар олардың техникалық жабдықталуы да едәуір өзгерді. Оның ішінде де көлік паркінің 80 пайызы немесе 2,8 млн. автокөлік құралы 7 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылса, 520 мыңнан астам көліктің пайдаланылған уақыты 20 жылдан асып отыр. Бұл ретте көлік құралдарының техникалық жағдайына мезгіл сайын сапалы бақылау жүргізу - олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғалар санын азайтуға мүмкіндік береді»,- деді министр.