Соңғы 10 жылда еліміздің жекелеген өңірлерінің халқы едәуір азайған - Н. Сабильянов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда еліміздің жекелеген өңірлерінің халқы едәуір азайған. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов мәлім етті.

Оның айтуынша, 5-сайланымдағы ҚР Парламентінің 4-сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы депутаттар алдына бірқатар маңызды тапсырмалар қойды. Соның бірі халықтың көші-қон мәселелері туралы заң жобасын басымдықты түрде қабылдау және Үкіметке осы заңды ағымдағы жылдың соңына дейін Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.

«Қазақстан халқының жалпы санының өсуіне қарамастан, жекелеген өңірлерде тұрғындардың саны азайған. Мәселен, соңғы 10 жылда Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары - 100 мың адамға, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары - 60 мың адамға, Қостанай облысының тұрғындары - 35 мың адамға, Ақмола облысының тұрғындары - 15 мың адамға азайған екен. Тұрғындардың біркелкі емес көшіп-қонуы және Қазақстанның жекелеген өңірлерінде экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың орны толмауы мәселесі жұмыс күшінің тапшылығы, мектептердің жабылуы және де соның салдарынан елді мекендердің жойылуына алып келуде», -деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, бір ғана Шығыс Қазақстан облысында соңғы 5 жылда 70-тен астам мектеп жабылған. «Бұл - 70-ке жуық елді мекен жойылуы мүмкін деген сөз», - дейді халық қалаулысы.

Мұндай мәселенің алдын алу жолдарын айта келе, халық қалаулысы оралмандар мәселесін қолға алу керектігін алға тартты.

«Осыған байланысты, мемлекет тұрақты түрде тұруға келген және мемлекеттік органдар белгілеген нақты өңірлерге жіберілген оралмандарға қолдау көрсетуге тиіс. Яғни олардың азаматтық алуына жағдай жасау, үймен қамту және де оларды осы қоғамның азаматтары ретінде қолдау көрсету. Жұмысқа тұруына, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалуы керек деп ойлаймын», - деді Н. Сабильянов.