Соңғы 10 жылда республикада туберкулезбен сырқаттанушылық 2,1 есе төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда республикада туберкулезбен сырқаттанушылық 2,1 есе, ал одан болатын өлім 3,7 есе төмендеді.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қазақстанда мемлекет тарапынан туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар нәтижесінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Соңғы 10 жылда республикада туберкулезбен сырқаттанушылық 2,1 есе, ал одан болатын өлім көрсеткіші 3,7 есе төмендеді», делінген хабарламада.

Министрліктің атап өтуінше, 2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бағалау миссиясы Қазақстанда туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға жоғары баға берді. Қазақстанда науқастар туберкулезге қарсы 1 және 2 қатардағы препараттармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал ДДҰ-ның бұл саладағы мақсаттық көрсеткіші 85 пайызды құрайды.