Соңғы 10 жылдағы ең үлкен жалпыеуропалық манифестация 100 мыңдай адамның басын қосты - Брюссель

БРЮССЕЛЬ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақтың әкімшілік орталығы - Брюссельде сәрсенбі күні манифестация өтті. Қатаң экономика шараларына қарсы өткізілген соңғы 10 жылдағы ең ірі жалпыеуропалық манифестация Еуропаның барлық өңірінен 100 мыңдай адамның басын қосты,

деп хабарлайды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары.

Митингке қатысушылар Еуроодақ елдері үкіметтерінің қаржылық-экономикалық дағдарысты еңсеру жөніндегі шараларына наразылық білдіруде. Еуроодақтың көптеген елдерінің үкіметтері күн санап өсіп бара жатқан бюджеттің дефициті мен мемлекеттің берешектерін азайту мақсатында жалақы мен зейнетақыны, мемлекеттік сектордағы жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болуда.

Шараны ұйымдастырып отырған еуропалық кәсіподақтар конфедерациясы өкілдерінің пікірінше, жаһандық қаржы дағдарысының салдарын еңсеру жөніндегі Еуроодақ елдерінің үкіметтері қабылдап жатқан шаралар жұмыссыздықтың өсуіне әкелуде және экономиканың өсуіне теріс әсер етуде.

Осыған байланысты, кәсіподақтар ұлттық үкіметтерден қаржы операцияларына салық енгізуді және жұмысшылардың жалақыларын уақытша тоқтату жоспарынан бас тартуды талап етуде.

Осындай наразылық акциялары кеше сондай-ақ, Испания, Португалия, Италия, Польша, Франция, Латвия және Ирландия елдерінде өтті.