Соңғы 100 жылда алғаш рет Франция көшбасшысы Кубаға барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция президенті Франсуа Олланд ресми сапармен Кубаға барды. Бұл елге соңғы 100 жылдай уақыт ішінде Француздық көшбасшы ат ізін салмаған екен.

Бұл туралы Би-би-си жазады.

Гаванада Олланд Куба президенті Рауль Кастромен кездеседі деп күтілуде. Кубаға сапары барысында Олландтпен бірге француздық 20 бизнес өкілінен құралған делегация еріп келген.

Франция президенті өткен жылдың желтоқсанында Гавана мен Вашингтон арасындағы дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру басталғаннан кейін ресми сапармен Кубаға келген Батыстың алғашқы көшбасшысы.

Жексенбіде кубалық президент Ватиканда рим папасы Францискомен ресми кездесіп, Куба мен АҚШ арасындағы қатынастарды қалпына келтіруге жәрдемдескені үшін алғыс білдірді.