Соңғы 15 жылда әскерден жалтарған азаматтар жоқ - Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы 15 жылда әскерден жалтарғаны үшін сотталған азаматтар жоқ. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы Ғани Артықов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылымындағы жауынгерлер мен сержанттардың 70 пайызы келісімшарт бойынша, қалған 30 пайызы мерзімді әскери қызмет бойынша міндеттерін атқаруда. Демек, мерзімді әскери қызметшілер бір жыл бойы өзінің әскери борышын өтейді. Мерзімді әскери қызметке барғысы келгендердің қаншасы әскерден жалтарады? Бізде әскерден жалтару - жоқ. Көп жағдайда біздің азаматтардың құқықтық тұрғыда сауатсыздығын байқауға болады. Неліктен? Біріншіден, медициналық комиссиядан өту және оның нәтижесі шақырылушыны әскерге 100 пайыз алып кететінін білдірмейді. Сондықтан, шақырту қағазы келгеннен кейін шақырылушы бірден медициналық комиссиядан өтуі керек», - деді Ғани Артықов.

Оның айтуынша, кейде комиссиядан өткен жастардың өзі қандай ауруларға шалдыққанын білмей жатады.

«Жас жігітті әскерге жіберу үшін аудандық деңгейдегі - 10, облыстық деңгейдегі 10 дәрігер тыңғылықты тексеру өткізеді. Сонымен қатар, егер жас жігіт әскери қызметке барғысы келмесе, оған 40 күндік дайындықтан өтуге болады. Соңғы 15 жылда әскери қызметтен бұлтарғаны үшін сотталған азамат тіркелген жоқ. Бұл дегеніңіз біздің жастарымыздың әскерден бұлтармайтынын білдіреді», - деп түйді Ғани Артықов.