Соңғы 15 жылда Қазақстанда жасанды ұрықтандыру әдісімен 5 мыңға жуық бала дүниеге келді

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Соңғы 15 жылда Қазақстанда жасанды ұрықтандыру әдісімен 5 мыңға жуық бала дүниеге келді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, республикадағы денеден тыс ұрықтандыратын (ДТҰ) алғашқы зертхананың негізін қалаушы, «Экомед» емханасының басшысы Салтанат Байқошқарова мәлім етті.

«Осыдан 15 жыл бұрын біз жалғыз зертхана болсақ, қазір Қазақстанда ондай 8 зертхана жұмыс істейді. Қазақстанда бұл ғылым бір орында тұрған жоқ. Репродуктолог мамандардың күшімен 5 мыңға жуық бала дүние есігін ашты», - дейді ол.

С.Байқошқарованың айтуынша, арнайы жабдықтардың көмегімен жасанды ұрықтандырылған эмбрионның денсаулығын оны жатырға енгізбей тұрып көруге болады. Сондай-ақ генетикалық аурулардық бар-жоғын анықтауға мүмкіндіктер бар.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде ДТҰ-ны жасату құны басқа елдермен, мысалға Ресеймен салыстырғанда 4 есеге арзан. Мәселен, Қазақстанда ДТҰ-ны жасату 150-190 мың теңгенің айналысында тұрады. Бірақ оның сыртында 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін баратын гормоналдық дәрілер тағы бар. Бұл - бір жолғы ем.

С.Байқошқарова мемлекет тарапынан тиісті қолдау болған жағдайда бұл бағаны әлі де төмендетуге болатынын айтады.

15 жылда ДТҰ әдісі 20 мыңға жуық әйелге қолданылды. Олардың нәтижесінде 5 мыңға жуық бала туылғанын ескерсек, бұл әдістің тиімділігі 25 пайызды құрап отыр. Байқошқарованың айтуынша, бұл әдіске жүгінушілердің саны жыл санап артып келеді. Себебі, табиғи жолмен бала көтере алатын дені сау әйелдердің саны түрлі жағдайларға байланысты жылдан жылға азайып келеді және бұл проблема тек әйелдерге ғана қатысты емес. Мәселен, соңғы жылдары ерлердің арасындағы бедеулік 30-40 пайызға артқан.

Айта кетейік, Қазақстанда ДТҰ әдісі алғаш рет 1995 жылы «Экомед» емханасының базасында енгізілді. 1996 жылғы шілденің 31-інде жасанды ұрықтандыру әдісімен алғашқы қазақстандық бала жарық дүниеге келді.