Соңғы 2 жылда бірқатар облыстық театрларға бірде-бір пәтер бөлінбеген - Мәдениет министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 2 жылда бірқатар облыстық театрларға бірде-бір пәтер бөлінбеген. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

Облыстық театрлар үшін үнемі күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі әртістерді баспанамен қамту болып отырғанын баса айтқан ол: «Өкінішке орай, облыстық театрлардағы жағдай мүлде басқаша. Кейінгі 2 жыл ішінде Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық театрларына бірде-бір пәтер бөлінбеген», - деді.

Министрдің атап өтуінше, тек Астана қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының театрларында ғана жыл сайын әртістерге пәтер бөлініп келеді.

«Осы тұрғыдан келгенде қазақ және орыс театры ұжымдарына үш-үштен 6 пәтер берген Шығыс Қазақстан облысының басшылығына облыстық өнер ұшымдары дән риза екендігін атап өткім келеді», - деген М.Абрарұлы осы отырыстан кейін облыс әкімдері өз мүмкіндіктерін қайта қарап, қарамағындағы театрлардың баспана мәселесін оңтайлы шешетіндігіне үміт артатындығын баса айтты.