Соңғы 2 жылда елімізге 2 млн.-нан астам шетелдіктер келген - ІІМ
Министр орынбасарының айтуынша, заң жобасының мақсаты еңбек мигранттарының жекелеген санаттарын еңбекке тарту тәртібін заңдастыра отырып, көшіп келушілердің жеке тұлғаларға жұмыс істегені үшін жеке табыс салығын төлеуді реттеу болып табылады.
«Орталық Азия өңірінен елімізге ағылып келіп жатқан еңбек мигранттарын жеке тұлғалардың заңсыз жұмысқа тартуын айқындау аса қиын. Бұл ретте ондай көшіп-қонушылар елімізге кірерде Қазақстанға жеке істері немесе жеке мақсаты бойынша келгенін көрсетеді. Сосын өздері мүлдем тұрмайтын мекен жайларды белгілейді. Мәселен, тек соңғы 2 жылда елімізде 2 млн. астам шетелдіктер келгені тіркелген. Солардың 1 млн.-нан астамы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматары болып табылады. Алайда, солардың 1 пайызынан да төмені өздерінің біздің елімізге еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келгенін көрсетсе, 96 пайызы келу себептері ретінде жеке мақсаттарын көрсеткен», - дейді Қ. Тыныбеков.