«2000 жылдардың басында шикізат тауарлары нарығында сұраныстың өсуі кезеңінде Қазақстан өнім экспортының көлемін біртіндеп ұлғайтты. Бұл - экономиканың өсуін қамтамасыз етті. Еліміз халықаралық шикізат, көлік және қаржы салаларына ене бастады. Ол өз кезегінде республикадағы барлық салалардың дамуына түрткі болды. Нәтижесінде 2002-2006 жылдары экономиканың нақты өсуі 60%-ды құрады. Ал жұмыс орындарының саны 19%-ға өсті. Дегенмен одан кейін әртүрлі дағдарыстардың әсерінен жалпы ішкі өнімнің өсімі баяулайды. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға кері әсерін тигізеді. Соңғы бесжылдықта жұмыс орындарының саны тек 3%-ға өсті», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жағдайға жасаған талдау құжатында.
Ведомство дерегінше, 2010-2021 жылдар ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 9%-ға ұлғайған. Алайда, дәл осы аралықта жалдамалы жұмыскерлер саны - 24%, өзін қызметпен қамтығандар 23%-ға қысқарған.
Қоса кетсек, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін министрік Еңбек нарығын дамытудың 5 жылдық жоспарын бекітуді ұсынып отыр.