Соңғы 7 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары екі еседен астамға азайды

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Соңғы 7 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары екі еседен астамға азайды. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Людмила Полторабатько осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, жиында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы талқыланған болатын.

«Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2013 жылы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 55 мыңнан астам қорғау туралы ұйғарымдар жазылған. Ал қолданыстағы заң күшіне енгелі бері олардың саны 143 мыңнан асқан», - дейді депутат Людмила Полторабатько. Оның сөзіне қарағанда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы тағы бір маңызды шара құқық бұзушының әрекеттеріне байланысты оларды сот қаулысымен 3-тен 12 айға дейінгі профилактикалық есепке алу болып табылады. Өткен жылы ішкі істер органдарының шағымымен соттар 5 мыңға тарта құқық бұзушыларға осындай ерекше талаптар енгізген. 46 тұлға қорғау жөніндегі ұйғарымдарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Жалпы, осындай шаралар 2013 жылы отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы қылмыстардың, оның ішінде өлімге соқтыратын қылмыстардың азаюына септігін тигізді. Бұдан бөлек, соңғы 7 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстар саны екі еседен астам, нақтырақ айтқанда, 1611-ден 684-ке дейін төмендеді. Соның ішінде қылмыстың осы бағытында болатын кісі өлімі 588-ден 218-ге дейін азайды. Дегенмен, бұл - әлі де жоғары көрсеткіш», - дейді сенатор Л. Полторабатько.