Соңғы 8 жыл жер бетіндегі ең ыстық жылдар болды - БҰҰ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы сегіз жыл әлем бойынша бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болды. Бұған Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМО) біріктірген алты жетекші халықаралық температуралық деректер базасының өлшеу нәтижелері дәлел, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылы орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі (1850-1900) деңгейден шамамен 1,15 °C жоғары болды. Сегіз жыл қатарынан жаһандық температура индустрияға дейінгі деңгейден кем дегенде бір градус Цельсийден жоғары болды. Париж келісімінде белгіленген 1,5°C шегінен асып кету ықтималдығы одан да арта түсті.

Ла Нинья салқындату құбылысының климатқа әсер етуінен 2022 жыл тарихтағы ең жылы жыл емес, жай тізімдегі бесінші немесе алтыншы жыл болды. Алайда, сарапшылардың пікірінше, салқындату әсері қысқа мерзімді болады және атмосферадағы парниктік газдардың рекордтық деңгейінен туындаған ұзақ мерзімді жылыну үрдісін қалпына келтіре алмайды.
«2022 жылы біз бірқатар ауа райы апаттарына тап болдық. Табиғи апат көптеген адамдардың өмірін қиды, миллиондаған адам күнкөріс қажеттіліктерінен айырылды, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікке нұқсан келіп, инфрақұрылым бұзылды», - деді ДМҰ Бас хатшысы профессор Петтери Таалас. - Пәкістанның кең аумақтары су астында қалды, нәтижесінде адам өлімі мен үлкен экономикалық шығындар болды. Қытайда, Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада рекордтық аптап ыстық болды. Африка мүйізіндегі ұзаққа созылған құрғақшылық гуманитарлық апатқа әкеп соғуы мүмкін».
Атмосферадағы парниктік газдардың рекордтық деңгейге жетуіне байланысты жаһандық жылыну және климаттың басқа ұзақ мерзімді өзгеру үрдістері жалғаса беруі мүмкін.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның «2022 жылғы жаһандық климаттың жай-күйі» туралы алдын ала есебінде ғаламдық жылыну, құрғақшылық және жойқын су тасқыны миллиондаған адамдарға әсер етіп, миллиардтаған доллар шығын келтіргені айтылған. Желтоқсан айының соңында қатты дауыл Солтүстік Американың көп аумағына әсер етті. Боран, қар және суық температура АҚШ-тың шығысында төтенше жағдайға әкелді. Жауын-шашын, таулардағы қардың еруі және су тасқыны елдің батысындағы көптеген аудандарға әсер етті.
«Біз төтенше жағдацларға дайындықты арттырып, БҰҰ-ның алдын ала ескерту жөніндегі мақсатының алдағы бес жылда орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде ДМҰ-ның 193 мүшесінің тек жартысында ғана тиімді алдын ала ескерту қызметтері бар. Африка және көптеген аралдық елдердің метеорологиялық бақылауларында үлкен олқылықтар әлі де бар, бұл ауа райы болжамының сапасына айтарлықтай теріс әсер етеді», - дейді профессор Таалас.