Соңғы алты аймен салыстырғанда мал шаруашылығы өнімі 1,5 пайызға арзандады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығы өніміне баға 4,2 пайызға өсті. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы маусымда 2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, ауылшаруашылық құрылымдарында сатылған өсімдік шаруашылығы өнімі 8,1 пайызға қымбаттаған, ал мал шаруашылығы өнімі 1,5 пайызға арзандады. Бұл туралы Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда баға бидайға 10 пайыз, күрішке - 3,1 пайыз, арпаға - 2,3 пайыз, тарыға - 0,1 пайызға өсті. Керісінше, қарақұмық бағасы 19,9 пайызға, қара бидай - 17,1 пайызға, жүгері - 3,4 пайызға, сұлы - 0,9 пайызға төмендеген.

Бұдан бөлек, картоп 17,3 пайыз, бас пияз - 15,2 пайыз, қырыққабат - 14,4 пайыз, сәбіз - 12,6 пайыз, қызылша - 10,8 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар, баға өсімі бұршаққа 14,1 пайыз, күнбағыс тұқымына - 1,1 пайызды құрады.

Сондай-ақ, есепті кезеңде баға құс етіне 4,1 пайыз, шошқа етіне - 4 пайыз, қой етіне - 1,6 пайыз, жылқы етіне - 1,4 пайыз, ірі қара мал етіне - 0,3 пайызға өскен. Керісінше, жұмыртқа 25,7 пайызға арзандаса, шикі сүт 4,8 пайызға, жүн 1,9 пайызға қымбаттаған.