Соңғы аптада 1,5 мыңға жуық қылмыстың ізі суымай ашылды - ҚР ІІМ

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Соңғы бір аптада 1 944 қылмыс жасалды. Оның ішінде 1 464-ке жуығы ізі суымай, сондай-ақ бұрын жасалған 340 қылмыстың беті ашылды.

Бұл туралы бүгін апталық брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 60 адам ұсталып, 12 қару тәркіленді.

«Сонымен қатар 103 есірткі қылмысы, оның ішінде 63-і есірткі сату фактісі бойынша анықталды. Жалпы алғанда 30 кг астам есірткі заттары, оның ішінде 15,5 кг героин тәркіленді»,-деді ол.

Атап айтқанда, Қарағанды облысы Теміртау қаласында 28 жастағы жергілікті тұрғын құрықталды. Одан сату мақсатында дайындалған 1 келі героин табылды.

Сондай-ақ Қарағандының полиция қызметкерлері арнайы операция барысында жергілікті тұрғынның пәтерінен 864 грамм героин тапты.