Осы мерзімде 2 мың 250 қылмыс жасалып, олардың
1 мың 881-нің ізі суымай ашылды. Сондай-ақ бұрын жасалған қылмыстардың 535-і анықталды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, аталған мерзімде есірткімен байланысты 255 қылмыс тіркеліп, оның 50 фактісі есірткіні саудалаумен байланысты болған. «Нақтырақ айтар болсақ, Жамбыл облысының Шу ауданында ұсталған азаматтан 300 киләға жуық марихуана табылды. Ал Шу стансасынан 40 километр аймақта Алматы облысының тұрғыны қолға түсіп, одан 1,5 тонна марихуана тәркіленді. Сондай-ақ тамыздың 12-сі күні Солтүстік Қазақстан облысында «Ниссан Патрол» автокөлігінен 124 килә марихуана табылды. Ал тамыздың 13-і күні Ақтөбе облысында 20 килә марихуананы сату үстінде облыстың 2 тұрғыны ұсталды. Бұған қоса тамыздың 14-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының «Қызыл ту» бекетінде «Опель» автокөлігі ұсталып, көлікте отырған Өзбекстан азаматынан 1 килә героин тәркіленді», деді департамент бастығы.