Бұл мәліметтермен бүгін журналистермен болған брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысында 26 жасар қылмыстық топ мүшесі қолға түсті. Ол экономикалық контрабанда мен аса ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттер жасады деген күдік бар. «Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облысының Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Шымкент қаласында ұйымдасқан топтың басшысын ұстады. Ол мұнай құбырларынан мұнай ұрлаумен айналысатын қылмыстық топ құрып, оны басқарған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 жасар әйел басшысы ұсталды. Бұл топ Көкшетау қаласында адам саудасымен айналысқан» деді департамент бастығы.
Сонымен қатар оның айтуынша, Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес қызметкерлері Қылмыстық полиция комитетімен бірлесе отырып, Астанадан «Тоха» атты 26 жасар ұйымдасқан топтың мүшесін ұстады. Оған адамға өлімге алып келетін дене жарақатын салды деген күдік келтіріліп отыр.