13:26, 13 Сәуір 2009
Соңғы аптада республикада заңсыз жұмыс істеп келген 11 казино жабылды
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Республикадағы қылмыстық жағдай тұрақты», деп мәлімдеді бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған брифингте айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Департамент бастығы орынбасарының мәліметтеріне қарағанда, өткен аптада, яғни сәуірдің 6-сы мен 12-сі аралығында елімізде 1 мың 901 қылмыс жасалған. Олардың 43-і кісі өлтіруге, 11-і қарақшылыққа, 173-і тонау әрекеттеріне қатысты болып отыр. Сондай-ақ 896 рет ұрлық жасалған. «Ұйымдасқан қылмыспен күрес бағытында 25 қылмыстық іс қозғалды. Оның 2-уі қылмыстық топ құрып оны басқарғаны үшін, тағы 2-уі жемқорлық әрекеттеріне қатысты болды. Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтың 3 басшысы мен 4 мүшесі және қылмыстық әлемнің 1 беделдісі ұсталды. Бұған қоса заңсыз айналымнан 3 тапанша мен 1 шолақ мылтық және 693 оқ-дәрі тәркіленді. Заңнан тыс қызмет етіп келген 11 казиноның жұмысы тоқтатылды», дейді Е.Уәли. Сондай-ақ оның айтуынша, өткен аптада республика аймағында есірткімен байланысты 190 қылмыс анықталып, оның 46 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болған. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданының Прогресс ауылында ұсталған Өзбекстанның екі азаматынан тәртіп сақшылары 9 килә 265 грамм героин тапқан. Осы облыстың Қазығұрт ауданында орналасқан «Қызыл ту» шеп-бекетінде полицейлер «Ауди-100» автокөлігін тексеріп, одан 1 киләдан астам героин тапты. Тағы 1 килә 50 грамм есірткіні тәртіп сақшылары Шымкент қаласында есірткі саудалап жүрген азаматтан тәркіледі. «Сәуірдің 6-сы мен 12-сі аралығында республикада 203 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 32 адам мерт болды. 223 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді», дейді департамент бастығының орынбасары.