Соңғы бес жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс 27 пайызға төмендеген - ІІМ Қылмыстың алдын алу қызметі басқармасының бастығы

АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Соңғы бес жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс 27 пайызға төмендеген.

Бұл жайында ІІМ Қылмыстың алдын алу қызметі басқармасының бастығы Қаныбек Жақсығалиев бүгін өткен мектеп инспекторлары полициясы жұмысының тиімділігі жөніндегі дөңгелек үстел барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ.Жақсығалиевтың айтуынша, ІІМ-гі және басқа да қоғамдық ұйымдар мен бірлесе отырып жасаған шаралар арқасында жасөспірімдер арасындағы қылмыс көрсеткіші төмендеген. «2004 жылы 6500 жасөспірім қылмыс жасаған болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 4 мыңға жетіп отыр. Ал биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер қылмысы 14,8 пайызға азайды. Мұнымен қатар мектеп аумағында жасалатын қылмыстар екі есеге төмендеп, мектеп оқушыларының жасаған қылмыстарының саны анағұрлым кеміді», дейді Қаныбек Жақсығалиев.

Сондай-ақ ол қазіргі уақытта Республика бойынша 17 мыңдай жасөспірім және 20 мыңдай жағдайы қолайсыз отбасылардың балалары тіркеуде тұрғандығын айтып өтті. «Есепте тұрған жасөспірімдердің жазғы уақытын тиімді өткізуіне және оларды спорт пен басқа да түрлі жұмыстармен шұғылдануына жағдай жасауымыз керек. «Білім және ғылым министрлігі мен туризм министрлігі жастардың бос уақытын тиімді өткізуі мен лагерлерге жіберу жағдайларын қарауда. Басқа да мемлекеттік ұйымдар сияқты біз де атсалысамыз», дейді Қ.Жақсығалиев.

Сонымен қатар ол ІІМ мен Білім және ғылым министрлігінің мектеп инспекторларының қызметі және олардың атқаратын жұмысы жайында бұйрығы дайындалып жатқандығын атап өтті.

Жиын барысында жазғы демалыс кезеңіндегі құқық бұзушылықтың алдын алу мен полиция мектеп инспекторларының оқушылар арасындағы қылмысын болдырмау жайлары талқыланып, баяндамалар оқылды.