Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Құқық қорғау органдарын реформалау кезінде қылмыстық -атқару жүйесінің қызметін жетілдіру» атты дөңгелек үстел отырысында Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бас бостандығынан айыру орындарындағы туберкулез ауруының азаюына байланысты ондағы азаматтардың өлім көрсеткіштері де төмендеп отыр. «Бүгін еліміздің қылмыстық-атқару жүйесі халықаралық және ұлттық құқық қорғау ұйымдарымен белсенді қарым-қатынаста. Сондай-ақ аталмыш жүйе бас бостандығынан айыру орындарында отырғандардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне қатысты азаматтық қоғам өкілдерімен де тығыз байланыста. Кеңес Одағы ыдыраған өтпелі кезеңде қылмыстық атқару жүйесінің қандай күйде болғандығы баршаға мәлім. Ал одан бергі уақытта, меніңше бұл салада елеулі өзгерістер болды. Бұны айтпай кетуге болмайды», - деді А.Шпекбаев.
Оның айтуынша, елімізде өлім жазасына тыйым салынған. Ал Елбасының бас бостандығынан айыру шараларын мүмкіндігінше баламалы жаза түрлерімен алмастыру жөніндегі тапсырмаларынан кейін, яғни биылғы жылдың 9 айының өзінде түрмедегілер саны 5 мың адамға немесе 8 пайызға кеміді. «Қазір елімізде бас бостандығынан айыру орындарындағы азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғау мақсатында заң жүзінде бекітілген қоғамдық бақылау қызметі жұмыс істейді. Еліміздің әр облысында осы міндеттерді жүзеге асыратын қоғамдық бақылау комиссиялары бар. Осы орайда айта кететін жәйт, кезінде мұндай мәселелер қоғамның талқысына салынбайтын. Ал бүгін біз елдегі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп, оңды жетістіктер жөнінде сөз ете бастадық», - деді Президент Әкімшілігінің өкілі.