Бұл елімізде көптеген ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен байланысты деп түйіндеуге болады. Бұл пікірді бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасындағы жұмысшылардың көші-қон процесін тиімді басқару - жұмысшы мигранттардың құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың атқаратын рөлі» атты дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың сөзінше, елімізге жыл сайын шамамен 300 мың адамға дейін жұмыс күші тартылады. Бұлай болатын себебі соңғы жылдары еліміз көршілес мемлекеттердің еңбек мигранттары үшін тартымды болып отыр. Әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанды да шарпыды. Соған қарамастан Қазақстанға күнкөріс қамымен келетін көрші елдің азаматтарынан тыным жоқ. «Бұл жағдай, әрине біздің еңбек нарығымызға өзіндік зардабын тигізіп отыр. Ол әсіресе арнайы бір мамандығы жоқ жұмыссыздардың жағдайына ерекше әсер етуде. Нәтижесінде нәпақа табатын тірлік таба алмай қалған еліміздің азаматтарының әлеуметтік жағдайы барынша қиындап барады. Еңбек мигранттары қазақстандықтар үшін үлкен бәсекелес болып отыр. Өйткені олар жұмысты да оған жасалатын жағдайды да, төленетін ақшаны да талғамайды. Осыған орай қазір әлемде еңбек мигранттарына арзан жұмыс күші ретінде қарау үдерісі қалыптасты», деді халық қалаулысы.
Оның айтуынша, шеттен келген еңбекшілердің құқықтары әлсіз қорғалуда. Еңбек миграциясы әлемдік тәжірибеде қалыпты жағдай. Дегенмен ол өркениетті түрде, ұлттық заңдылықтар мен халықаралық нормативтік-құқықтық актілер негізінде жүзеге асырылуы тиіс.